Шу-Сарысу бассейніндегі кешенді геофизикалық жоба: АМТ, МТ және профильдік гравиметрияның үйлесімі

2025 жылғы бүкіл далалық маусым барысында Exploration Service компаниясы Шу-Сарысу бассейнінде перспективалы объектілердің орналасуын бақылаушы терең құрылымдарды анықтауға бағытталған ауқымды геофизикалық жобаны жүзеге асырды.

Жобаның басты ерекшелігі — аудио-магнитотеллурикалық (АМТ), магнитотеллурикалық (МТ) және профильдік гравиметриялық әдістерді бірлесіп қолдануға негізделген бірегей кешенді тәсілді пайдалану болды.
Бұл әдістердің үйлесімі зерттелетін аумақтың геологиялық құрылымы туралы барынша толық түсінік алуға мүмкіндік берді — жер бетіне жақын қабаттардан бастап терең аймақтық құрылымдарға дейін.

Бассейн құрылымын зерттеудегі кешенді тәсіл

Аудио-магнитотеллурикалық түсірілім қиманың жоғарғы бөлігін егжей-тегжейлі зерттеу үшін қолданылып, жергілікті жарылым аймақтарын, жарықшақтылығы жоғары учаскелерді және литологиялық кешендердің шекараларын анықтауға мүмкіндік берді.

Магнитотеллурикалық зондтау, өз кезегінде, тереңдегі өткізгіш және жоғары кедергiлi (жоғарыомды) құрылымдарды бақылауға, ірі тектоникалық бұзылыстардың орнын анықтауға және жер қыртысының терең қабаттарының құрылысы туралы мәлімет алуға мүмкіндік берді.

Профильдік гравиметриялық түсірілім құрылымдардың геометриясын нақтылау, жыныстар тығыздығының өзгеру аймақтарын бөлу және АМТ мен МТ деректері негізінде алынған интерпретацияны растау үшін пайдаланылды.

Үш әдістің нәтижелерін бірлесіп өңдеу және интерпретациялау әр әдісті жеке қолданумен салыстырғанда нәтижелердің сенімділігін айтарлықтай арттырды.

Жүргізілген жұмыстардың ауқымы

Далалық жұмыстар 2025 жылдың бүкіл маусымы бойы жүргізіліп, компанияның аймақта іске асырған ең ірі кешенді геофизикалық жобаларының біріне айналды.

Жоба аясында келесі жұмыстар орындалды:

  • профильдік гравиметриялық түсірілімнің 20 000-нан астам физикалық нүктесі;
  • АМТ/МТ әдістерімен 250 погон километрден астам профильдік жұмыстар;
  • Шу-Сарысу бассейнінің негізгі учаскелерін егжей-тегжейлі қамту;
  • алынған деректерді кешенді өңдеу, инверсиялау және бірлескен интерпретациялау.

Өлшеулердің үлкен көлемі зерттеу аймағының бірыңғай геофизикалық моделін құруға және жер бетіне жақын және терең құрылымдар арасындағы өзара байланысты анықтауға мүмкіндік берді.

Жоба нәтижелері

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданның негізгі құрылымдық элементтері, соның ішінде терең жарылым аймақтары, блоктық құрылымдар және әрі қарайғы геологиялық барлау жұмыстары үшін перспективалы учаскелер анықталып, нақтыланды.

АМТ, МТ және профильдік гравиметрия деректерін біріктіру келесілерге мүмкіндік берді:

  • құрылымдық интерпретацияның сенімділігін едәуір арттыруға;
  • жасырын тектоникалық бұзылыстардың орнын анықтауға;
  • терең өткізгіш аймақтар мен тығыздық аномалияларын бөліп көрсетуге;
  • перспективалы құрылымдардың геометриясын нақтылауға;
  • іздеу-барлау жұмыстарын одан әрі жоспарлау үшін негіз қалыптастыруға.

Аталған жобаны жүзеге асыру кешенді тәсілдің тиімділігін растады және Exploration Service компаниясының заманауи деректерді өңдеу мен интерпретациялау әдістерін қолдана отырып, ауқымды геофизикалық зерттеулерді орындау мүмкіндіктерін көрсетті.

11.03.2026
Сізді қызықтыруы мүмкін